Бұл өсиетті Имам Ағзам
Әбу Ханифа (рахматуллаһи алейһи)
баласы Хаммадқа айтқан екен.
1) Аллаһтан қорқып, он екі мүшеңді күнәдан тыйып, Жаратушымыздың бұйрықтарын толығымен орында.
2) Қажетіңе жарар ілімді үйренуде талабың қайтпасын.
3) Дініңе және өмірлік тұрмысыңа зияны тимейтін кісілермен ғана қарым-қатынаста бол.
4) Керегіңнен тыс нәрселерден нәпсіңді тый.
5) Мұсылманға да, зиммиге (мұсылман елінде тұратын
өзге дін өкілі) де өктемдік көрсетпе.
6) Аллаһ берген ризық-несібеңе қанағат ет.
7) Өзгеге мұқтаж болмау үшін барыңды дұрыс пайдалан.
8) Адамдар саған жек көріп қарайтындай іс жасама.
9) Қажетіңнен артық дүниеге беріліп кетуден сақтан.
10) Кісіге жолыққанда сөзіңді сәлеммен баста. Сөзің көркем, мәмілең кішіпейіл болсын. Жақсыларға жағымды, ал жаман кісімен мәмілелі қатынаста бол.
11) Аллаһқа көп зікір, пайғамбарымызға (саллалаһу алейһи уасаллам) сансыз салауат айт.
12) Пайғамбарымыз (саллалаһу алейһи уасаллам) айтқан мына истиғфар дұғасын үнемі айтып жүр: «Аллаһумма анта Рабби, ла иләһа илла анта. Халақтани уа ана абдука, уа ана ала аһдика уа уағдика ма истатағту. Ағузу бика мин шарри ма санағту, абу лака би ниғматика алайа, абу би замби. Фағфирли фа иннаһу ла яғфиру зунуба илла анта» мағынасы: «Жаратқан Ием, Сен менің Раббымсың, Сенен өзге тәңір жоқ. Сен мені
жараттың, мен Сенің құлыңмын. Сенің уәдеңе барынша лайық болуға тырысамын. Өзім жасаған жаман істерімнен Сенен пана сұраймын. Сенің құзырыңа Өзің берген нығметіңнің жауапкершілігі
мен жасаған күнәмді арқалап барамын. Күнәмді кешіре гөр. Күнәларды тек Сен кешіресің». Осы ұлы истиғфарды түнде оқып жатқан пенде сол кеште кенеттен дүниеден көз жұмса пейішке кіреді.
Сол сияқты таңертең оқып, күндіз қайтыс болса да пейішке кіреді.
13) Әр күні Құран оқуды әдет ет, оқыған Құраныңның сауабын Пайғамбарымызға (саллалаһу алейһи уасаллам), ата-анаңа, ұстаздарың мен барша мұсылмандарға бағышта.
14) Дұшпаннан гөрі досыңнан сақтан. Өйткені, адамдар арасында бұзықтық көбейген сәтте дұшпаның досыңды пайдалануы мүмкін.
15) Сырыңды, дүниеңді, ұстанған жолың мен барар
жеріңді құпия сақта.
16) Көршілік ақысына дұрыс қара және көршіңнен келер келеңсіздіктерге сабырлық таныт.
17) Әһли сунна уал жамағат жолына берік бол, адасқандар мен надандардың маңына жолама.
18) Барлық ісіңде ықыласты бол. Қандай жағдай болса да адал ризық табуға бар күш-жігеріңді сал.
19) 500 хадис ішінен таңдап алған мына 5 хадиске амал ет:
• Расында амалдар ниетке сай. Әр адамның ниетіне қарай ісі болмақ...
• Кісінің шынайы мұсылмандығы өзгенің ісіне килікпеу.
• Өзіңе тілегенді өзгеге де тілемейінше кәміл иманға жетпейсің.
• «Халал да, харам да ашық айтылған. Алайда олардың арасында күмәнді нәрселер де бар. Көпшілік оны біле бермейді. Одан бойын аулақ ұстаған пенде діні мен абыройын қорғайды. Күмәнді істерден сақтанбаған кісі харамға өтіп кетуі айдан анық. Мұндай кісінің рұқсат етілмеген қорық маңында малын жайып жүрген шопан іспетті. Яғни кез-келген сәтте оның малы қорыққа өтіп кетуі мүмкін. Барлық патшалардың тыйым салған үкімдері болғаны сияқты Аллаһтың да тыйым салған үкімдері бар. Ол
– Аллаһтың харам еткен істері. Денеде бір кесек ет бар, ол аман болса дене де аман, ал сырқаттанса дене
де сырқат. Ол – жүрек».
• Кісіге сөзімен де, ісімен де зиян тигізбейтін
мұсылман – шынайы мұсылман.
20) Денің сау, басың аман күндерде де үнемі үрей мен үміт арасында жүр. Аллаһ тағала жайлы ойың жақсы, ниетің шынайы, ізгі үмітпен дүние сал.